top of page

«Бір ел – бір кітап» – 2018

Оқыңыздар, керемет кітаптар!

     

 «Бір ел – бір кітап» - 2018 республикалық акциясы бойынша биыл үш кітап таңдап алынды.

Олар: Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді»  кітаптары.

ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және ҚР Кітапханашылар Ассоциациясының бастамасымен республикалық «Бір ел-бір кітап» акциясы елімізде 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді.  Акцияның  мақсаты – жастарды Отанды сүюге, Ана тілімізді, ұлттық құндылықтарды құрметтеп, сақтауға және адами қасиеттерге тәрбиелеу. Кітап оқуға тарту, оқу мәдениетін қолдау, дамыту.

Сонымен, таңдап алынған кітаптарға қысқаша тоқталып өтсек:

1. Шәкәрім Құдайбердіұлының  шығармалары.

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты тұңғыш кітабы 1911 жылы жарық көрген. «Үш анық», «Мұсылмандық шарты» атты туындылары Шәкәрімді философ, тарихшы, ойшыл ретінде танытты.  Ал, «Жолсыз жаза», «Қалқаман — Мамыр», «Ләйлі - Мәжнүн» және т. б. жыр жинақтары мен поэмалары пәлсапашы ақынның әлеуметтік ағартушылық бағыттағы шығармалары.      «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» сияқты жиырмаға тарта әсем әуезді әндері Шәкәрімнің композиторлық дарынының даралығын көрсетеді. Парсы, араб, орыс, шағатай және түрік тілін жете білген Шәкәрім Құдайбердіұлы Хафиз, Физули, А. С. Пушкин, Л. Н. Толстой және т. б. ақын-жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған.

2. Бауыржан Момышұлының  «Ұшқан ұя»  повесі. 

Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының  «Ұшқан ұя» повесі халқымыздың XX ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті аса құнды еңбек, яғни қазақ руханиятының қазынасы. Жазушы  бұл шығармасында сол кезеңдегі қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық келбеті мен ой-санасын өте шынайы жеткізген. 1916 жылдың дүрбелеңі мен күштеп ұжымдастыру кезіндегі тартыстар туралы батыл айтып, Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдарындағы оқиғаларды да кеңінен қамтыған. Сонымен бірге, әлемнің пайда болуы, жаратылыс шежіресі, қауымның қалыптасуы, жан-жануарлар болмысы және өмір туралы қызықты деректер мен аңыз-әңгімелерді әжесінен естігенін үлкен сүйіспеншілік сезіммен есіне алады. Ненің жақсы, ненің жаман екенін және нені сүйіп, неден аулақ жүруді әжесінен үйренгенін мақтан ете отырып ұрпаққа ұлағат еткен.

Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі 1976 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

3. Жазушы Немат Келімбетовтың  «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологы.

Жазушының «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасындағы әңгіме арқауы ауыр науқасқа шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі мен мөлдір махаббаты туралы. Науқас адамның сын сағаттағы сан қилы ой-толғаныстары шығарманың бас кейіпкерлері Ержан мен Гауһардың монологтары арқылы берілген. Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабы әлемнің 19 тіліне, соның ішінде мажар тіліне де аударылды. Бұл туынды Еуропадағы танымал әдеби жүлделердің бірі – Ф.Кафка атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды.

Виртуальная

книжная выставка

bottom of page